Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы
Ұжымдар
ЖАЙЫМОВ АЙТҚАЛИ ТІЛЕПҚАЛИҰЛЫ

Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы - Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Атырау облысының және Атырау облысы Жылыой ауданының «Құрметті азаматы», профессор.

А.Жайымов 1947 жылы 5-ші мамыр күні Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын 1978 жылы дирижер және домбыра мамандықтары бойынша бітірген. 1978-91 жылдары консерваторияның ұстазы, кафедра меңгерушісі, 1991-2007 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық Халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры. 1979-81 жылдары КСРО мәдениет министрлігінің жолдамасымен Монғолияның Ұлан-Батор қаласында дирижер, ұстаз-консультант болып қызмет атқарды.

А.Жайымов ҚҰ консерваториясы домбыра кафедрасының жанынан қазірде өз алдына жеке кафедра болған, дәстүрлі ән, шертер, сыбызғы кластарының ашылуына белсене ат салысты. Сондай-ақ, 1991 жылы Құрманғазы атындағы оркестр құрамына алғаш рет қылқобыз, шертер аспаптарын өз алдына жеке топ ретінде енгізді.

Гастрольдік сапармен АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Австрия, Франция, Норвегия, Куба, Чехословакия, Қытай, Түркия, Ресей елдерінде болды.

А.Жайымов «Бейбарыс сұлтан» операсының (Арман Жайыммен бiрлесiп жазған, либреттосы Айтқали Жайымов, Ұлықбек Есдәулет), Төле бидің 350 жылдығына орай театрландырылған қойылымға жазылған музыканың (Арман Жайыммен бiрлесiп жазған, либреттосы Маралтай Райымбекұлы), «Ереуіл атқа ер салмай» (Халық аспаптары оркестріне арналған Күй-поэма), «Шалқыма», «Отпан тау» (домбыра мен оркестрге арналған концерттік күйлер), «Толғау» (қобыз бен оркестрге арналған поэма), «Балдәурен» (домбыра мен фортепианоға арналған үш бөлімді концертино), «Мен сәлем жазамын» (Абай), «Кемеңгер Құрманғазы» (Қадыр Мырза Әли), «Махаббат оты сөнбейді» (Ф.Оңғарсынова), «Аққулар» (А.Бақтыгереева), т.б. оркестрге арналған шығармалармен күйлер, ондаған романс, әндер, хорлармен бірге жеке домбыраға арналған 30-дан астам күйлерімен әртүрлі аспаптарға жазылған пьесалардың авторы. Сонымен бірге ол, Халық композиторлары Қорқыт, Кетбұға, Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Махамбет, Тәттімбет, Абыл, Есір, Байсерке, Қартбай, Қазанғап, Сейтек, Сүгірдің күйлерімен, қазақстан және шет ел композиторларының көптеген шығармаларын халық аспаптары оркестріне лайықтап түсірді. Ал Құрманғазының «Ақбай» және «Сарыарқа» күйлерін, түпнұсқасын еш өзгертпестен, хор мен оркестрге лайықтады.

А.Жайымов «Шалқыма», «Шаттанамын» жинақтары мен «Домбыра ойнау өнері», «Домбыра үйрету мектебі» (С.Бүркітов, Б.Ысқақов), жалпы білім беретін мектептің 5-6 сынып оқушыларына арналған «Музыка» (Б.Ысқақов, Ж.Еңсепов, Ж.Сәрсенбенов) оқулықтарының авторы.

Шәкірттері- ҚР еңбек сіңірген артисі А.Үлкенбаева, профессор Б.Ысқақов, ғылым кандидаттары- Ж.Еңсепов, Е.Тұңғышұлы, Ж.Нәжімеденов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары- Е.Нұрымбетов, Ә.Шоқанбаев, Т.Естаев, Т.Тоғжанов т.б. Республикаға белгілі өнер шеберлері.

 

БЕРІК БАТЫРХАН

Берік Батырхан – Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының сифониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі

Берік Батырхан (1990 жылы дүниеге келген) жас, дарынды қазақстандық дирижерлардың бірі. 2015 жылы «Опера-симфониялық дирижерлық ету» мамандығы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын аяқтады (доцент Н.С. Жарасовтың сыныбы). 2017 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында магистр дәрежесін алды. (РФ еңбек сіңірген қайраткері профессор В.П. Зиваның сыныбы).

Студенттік жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының симфониялық оркестрінің дирижеры болды және Оңтүстік Корея қалалары бойынша гастрольдік сапар аясында Давид Герингас, Анатолий Левин, сондай-ақ Дориан Уилсон сынды дирижерлардың көмекшісі болды. В. Папян, М. Болдери, Т. Курентзис, Л. Шамбадалдың және Ю. Симоновтың шеберлік сыныптарына қатысты (2013 және 2017 жылдары).

2015 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болып табылады. Қазақстандық композиторлардың үздік симфониялық шығармаларын насихаттаумен белсенді жұмыс жасайды. Берік Батырханұлының жетекшілігімен Қ. Мусиннің №1 симфониясы, Ғ. Жұбанованың «Сарыөзек метафоралары» №3 симфониясы, С. Танеевтің «Иоанн Дамаскин» кантатасы, Т. Қажығалиевтің, Т. Мыңбаева, С. Әбдінұровтың, С. Еркімбековтың және т.б. композиторлардың туындылары Астана қаласында алғаш рет орындалды.

Берік Батырханұлының жетекшілігіндегі елордалық филармонияның симфониялық оркестрімен бірге КСРО халық әртісі Б.Төлегенова, КСРО халық әртісі Лиана Исакадзе, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұржамал Үсенбаева және т.б. көптеген танымал орындаушылар өнер көрсетті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Опера-симфониялық дирижерлық ету» аталымы бойынша «Шабыт» халықаралық байқауының лауреаты (Астана, 2015 жыл).

Н.Тілендиев атындағы Республикалық байқаудың Гран-при иегері (Астана, 2015 жыл).