Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы
Ұжымдар
Рахым Арайлым Рахымқызы

Рахым Арайлым Рахымқызы - "Классикалық және эстрадалық вокал" бөлімінің көркемдік жетекшісі. "Өнерге әркімнің-ақ бар таласы" дегендей Арайлым Рахымқызы кішкентайынан ерекше дауысымен, өзгеше өнерімен жұрт көзіне түсті. Мектепте оқып жүрген оқушы кезінде-ақ, түрлі байқауларға қатысып, көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, облыстық «Сиқырлы қазан» атты жарысқа қатысып, Қазақстанның Халық әртісі, белгілі композитор, әнші Дәнеш Рақышевтан алған батасы өнерге берілген жолдамадай болған. Сарқан қаласындағы музыка мектебінен домбыра класын бітіріп шыққан Арайлым Рахымқызы 1993 жылы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетіне Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқамановтың шеберханасына түседі. Университеттегі жылдар жас әншінің өнер жолындағы табысты кезеңдері болды. Тәкен Мұстафина, Мият Көпелбаев секілді мықты ұстаздардан дәріс алған Арайлым университет қабырғасында жүріп, түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Сол бір алып арман, бүгінде  өнерпаз һәм жетекшіні биікке жетелеуде...