Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы
Жылын қорытындылайық

Қымбатты достар, Сіздермен, жаңа 2018 жылдың қарсаңында өткен 2017 жылы филармонияда болған оқиғалар туралы ақпаратпен бөліскіміз келеді.

1 атақ: «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу қорытындысы бойынша филармония «Үздік мәдени мекеме» атағына ие болды. 
1 жылдың ішінде шығармашылық ұжымдар 400-ге жуық концерт берді, оның ішінде 191 іс-шара «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өткізілді. «Astana EXPO-2017» халықаралық көрмесі өткізілген уақытта 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық ұжымдары қала тұрғындары мен облыс тұрғындарына 191 концерт өткізді. Олардың ішінде 14 концерт Қазақстанның қалалары мен облыстарына гастрольдік сапар ретінде жүзеге асырылды. Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына және жабылуына, Этноауылдың ашылуына, бәйге бойынша ҚР Президенті кубогі үшін жарыстың ашылуына, триатлон бойынша Қазақстан Республикасы Кубогі ІІІ кезеңінің концерттік бағдарламасына, «Үркер» сыйлығының марапаттау рәсіміне, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың жобасы – «Легенды казахской оперы» концертіне, сонымен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында «Бәйтерек» монументінің алдында өткен Амброзио Спраньи жетекшілігіндегі итальяндық оркестрдің концертіне, 1000-нан аса музыкант жинаған үлкен жобаға (Густав Малердің «Астана опера» залында № 8 симфонияны орындауы) қатысты.
2017 жылы Айтқали Жайымовтың 70 жылдық және Нұрай Танабаевтың 50 жылдық мерейтойлары өткізілді, сондай-ақ Франция, Польша, Италия, Түркия, Бельгия, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды облысының мәдениет күндеріне арналған концерттер болды. 
Мемлекеттік академиялық филармония елорда тұрғындары мен қонақтарына қазақтың бай музыкалық мәдениетін таныстыра отырып, «Шыңғысхан», «Алпамыс», «Күй атасы - Қорқыт», «Қыз Жібек пен Сансызбай» атты 4 музыкалық-театрландырылған қойылым мен «Жасай бер, Қазақ елі!», «Алтай – Тарбағатай әндері», «Өлең сөздің патшасы», «Голос Азии» сынды көптеген ірі көлемдегі концерттер өткізді. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында халыққа астаналық филармонияның үздік әртістерінің жеке концерттері де ұсынылды. 
«Ұлы дала» open air ауқымды жобасы өткізілді, жоба аясында барлық шығармашылық ұжымдар апта сайын «Астана» концерт залының алдындағы алаңда және қаланың басқа да жаздық алаңдарында өнер көрсетті. Тұтас алғанда, әртістердің өнер көрсетуі үшін Астананың және Қазақстанның басқа қалаларының 20-дан астам концерттік алаңдары іске қосылды. 
Үлкен көлемдегі 4 фестиваль өткізілді: 
– Айтқали Жайымовтың 70 жылдық мерейтойына орайластырылған «Серпер» V республикалық қазақ оркестрлерінің фестивалі; 
– «Астана самалы» VIII халықаралық үрлемелі оркестрлер фестивалі ;
– «Шашу» ІІ халықаралық халық билерінің фестивалі (Фестиваль 2017 жылы ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тілеубаевты еске алуға арналды) 
– Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» V халықаралық саз фестивалі.

Филармония әртістері бұл фестивальдерден басқа 3 үлкен халықаралық фестивальге қатысты («Этно-фолк-джаз», Бүкіләлемдік қуыршақтар фестивалі, «Eurasian Music Games»).

2017 жылы эстрадалық би ансамблі жаңа шығармашылық ұжымы құрылды, көркемдік жетекшісі Лаура Мукаева.
Академиялық филармония әртістері халықаралық және республикалық байқауларда 15 рет жеңіске жетті:
1. Азамат Жылтыркөзов – А. Хачатурян атындағы Халықаралық байқаудың ІІ сыйлық лауреаты (Армения);
2. Әбдірасул Есекеев – балетмейстерлердің жұмысы бойынша І бүкілресейлік “Платформа народного танца” байқауының жеңімпазы;
3. Ернар Нұртазин – М.Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» IV Республикалық дирижерлар байқауының Бас жүлде иегері (Талдықорған);
4. Шахризада Тыныштық – М. Төлебаев атындағы «Кестелі орамал» IV Республикалық дирижерлар байқауының І сыйлық лауреаты (Талдықорған);
5. Ернар Нұртазин – Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» V музыкалық байқауының «Дирижерлау» аталымы бойынша І сыйлық лауреаты (Астана);
6. Ержан Тутеев – Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» V музыкалық байқауының «Домбыра» аталымы бойынша ІІІ сыйлық лауреаты (Астана);
7. Әрімбек Айбек – Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» V музыкалық байқауының «Домбыра» аталымы бойынша дипломант (Астана);
8. Алтынбек Әбілда – Ә.Молдағайынов атындағы Республикалық вокалшылар байқауының Бас жүлде иегері (Орал);
9. Айгерім Нартуеева – «Шабыт–2017» XX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Домбырамен ән айту» аталымы бойынша ІІ сыйлық лауреаты (Астана);
10. Аманжолова Айгерим – «Шабыт–2017» XX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Классикалық вокал» аталымы бойынша ІІІ сыйлық лауреаты (Астана);
11. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы – «Шабыт–2017» XX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Халық аспаптар ансамблі» аталымы бойынша Бас жүлде иегері (Астана);
12. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы – «Jazz Bomond–2017» халықаралық фестиваліне қатысқаны үшін диплом (Қостанай);
13. Бакижанов Ұлан – «Шабыт–2017» XX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Домбыра» аталымы бойынша Бас жүлде иегері (Астана);
14. Ермұханова Айжан – «Шабыт–2017» XX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Скрипка» аталымы бойынша І сыйлық лауреаты (Астана);
15. Айнұр Қонысбаева – «Текті сөздің төресі» республикалық байқаудың І орын иегері (Алматы).
32 түрлі БАҚ (телеарналар, ақпараттық агенттіктер, журналдар мен газеттер) халыққа әртістердің өнер көрсетулерін ұсынды және ақпараттық қолдау көрсетті. 
Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы негізгі бөлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттері мен мақсаттарын іске асыруға бағытталған шығармашылық қызметті белсенді жүргізуде. 2017 жылы желтоқсанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ музыкалық мәдениетін дәріптеу, дамыту және сақтау мақсатында «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы өз бағдарламасымен Америка еліне (Нью-Йорк), «Сарыарқа» халық музыка ансамблі Иран астанасы Тегеранға, ал симфониялық оркестр Бангладеш еліне барып өнер көрсетіп қайтты.