Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы
Тарихы

Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы 1997 жылы Ақмола облыстық филармониясының базасында құрылған. Аз уақыт ішінде ұжыммен отандық және әлемдік музыкалық мәдениеттің жоғары жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған жан-жақты концерттік және музыкалық-дәрістік қызметтер ұйымдастырылған.

Бүгінгі күні Астана филармониясы, құрамында 13 шығармашылық ұжым жұмыс істейтін қаланың жетекші концерттік-ағартушылық мекемелерінің бірі болып табылады: 

 

 

 

  • Қазақ оркестрі
  • Симфониялық оркестр
  • Үрлемелі оркестр
  • Ішекті квартет
  • Камералық оркестр
  • Камералық хор
  • «Сарыарқа» халық музыка ансамблі
  • «Шалқыма» халық би ансамблі
  • «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы
  • Классикалық және эстрадалық вокал бөлімі
  • Халық ән бөлімі
  • Эстрадалық би ансамблі
  • Музыкалық-шығармашылық бөлім

Елордалық филармонияның мақтанышы оның орындаушылары, Қазақстанның көрнекті музыка қайраткерлері ҚазКСР Халық әртістері Айман Мұсахаджаева және Қайрат Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Бекболат Байсағатов, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Батыр Темірәлиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Бахытжан Мұсаходжаева, Ернар Мыңтаев, Айтқали Жайымов, Айгүл Қосанова, Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыргөзов, Алтынай Жорабаева, Татьяна Хасьянова, Гүлзира Бөкейхан, Киякпай Асамбаев, Мәдениет қайраткерлері Нұрай Танабаев, Нұрлан Бекенов, Әбдірасул Есекеев, Шолпан Қорғанбек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Анар Мұздаханова, Асқар Дүйсембаев, Нұрбол Балапанов және т.б.

Музыкалық мәдениеттің үздік дәстүрлерін сақтау үшін филармония Ресей, Германия, Польша, АҚШ, Латвия, Израиль, Словения, Греция, Италия және т.б. шетелдің жетекші орындаушылары және дирижерларымен (Кшиштоф Пендерецкий, Владимир Ашкенази, Александр Чайковский, Денис Шаповалов, Саулюс Сондецкис, Пласидо Доминго, Андреа Боччелли, Сара Брайтман, Лара Фабиан, Суми Джо, Денис Мацуев, Владимир Крайнев Ринат Салаватов, Беньямин Юсупов, Роберт Канетти, Анастасиос Паппас, Роберт Гуттер, Максим Венгеров, Марко Скъяво және т.б.) ынтымақтастық етеді.

Филармонияның көркемдік басымдылығының қатарында - репертуарды кеңейту және музыкалық жауһарлардың тұсаукесерлерін өткізу бар. Астанада тұңғыш рет Густав Малердің №5 симфониясы, Дмитрий Шостаковичтің «Ленинградская» №7 симфониясы, Людвиг ван Бетховеннің №9 симфониясы, Энн Ли Бэронның «Молчание Великой степи» кантатасы, Александр Скрябиннің «Поэма экстаза» шығармалары орындалды. Бүгінгі күні музыкалық ұжымдардың репертуарында 3000-ға жуық шығарма (фольклор, академиялық және эстрадалық музыка) бар.

Филармония әртістері театр жанрын жақсы меңгеруде, атап өтсек Петр Чайковскийдің «Щелкунчик», Жорж Бизенің «Кармен», Сергей Рахманиновтің «Алеко» және Арман Жайымның «Сұлтан Бейбарыс» шығармалары концерттік орындауда естілді. Кішкентай тыңдармандар үшін Жолдыбай Дастеновтің «Қаңбақ шал» және Дмитрий Шостаковичтің «Сказка о глупом мышонке» балалар операсы дайындалды.

Филармония тарихының қызықты беттері – оның египет опера театрымен бірге Хишам Гарбдың «Пракса» бірінші араб мюзиклінің ауқымды қойылымына қатысуы (тұсаукеср 2011 жылы Мускат қаласында өтті).

Елордалық филармония Астананың шығармашылық ұжымдарымен (М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы мен драма театрлары) ынтымақтаса отырып, өз репертуарының жанрлық қорын Эрнест Гофман ертегісінің желісі бойынша Петр Чайковскийдің музыкасына жазылған «Щелкунчик и мышиный король» мен Эдвард Григтің музыкасына жазылған Генрик Ибсеннің «Пер Гюнт» музыкалық-драмалық қойылымдарымен бірталай байытты.

Музыкалық-әдеби кештер филармонияның афишаларын бірнеше он жыл бойы әрлеп келеді. Қазақ әдебиетінің үздік шығармалары («Қорқыт», «Абайдың қара сөздері», «Шоқан және музыка» бағдарламалары) мұқият жинақталған музыка жанрында естіліп жүр.

Филармонияда Қазақстан композиторларының және көрнекті шығармашылық қайраткерлердің мерейтойлық концерттері өткізіліп отырады. Филармонияның барлық ұжымдарына ерекше маңызды мерейтойларға арналған жобаларға қатысу дәстүрге айналған. Халықтың сүйікті "Тақиялы періште" фильмінің (режиссер Шәкен Айманов) 45 жылдығына орай басты рөлдерді сомдаған актерлердің және филармония әртістерінің қатысуымен фильммен аттас концерт өткізілді. Ал, «Большой террор» концерті сталиндік тәртіптің кінәсіз зардап шеккен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін концерттік ұйымның әртістерін қайта жинады (2017).

Филармонияда білім беру бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Олардың қатарында "Қазақ халқының халықтық музыкалық шығармашылығы", "Көрнекті композиторлардың күйлері", "Қазақстанның заманауи композиторларының музыкасы", "Путешествие по инструментам в симфоническом/духовом оркестре", "Сказки с музыкой", "Шедевры классической музыки", "Волшебный мир песни", "Песня –душа народа", «Вокруг света с Казахсконцертом» сияқты тақырыптары әртүрлі концерттердің абонементтік топтамалары бар.

Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің қатысуымен көптеген қалалық, республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шаралар өтеді. Осы ретте, үрлемелі оркестр Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Астана қаласы әкімінің қатысуымен қарқынды дамып келе жатқан елордадағы үлкен нысандардың ашылуына жиі шақырылады.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін ұжымдармен көптеген қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, ұжымдар жыл сайын қарттар мен мүгедектер үйінде, балалар үйінде, балаларды оңалту орталықтарында, емханалар мен түзету мекемелерінде концерттер береді. Зейнеткерлер мен мүгедектерге филармония іс-шараларына тегін кіру рұқсат етілген.

2015 жылдан бастап филармония ұжымдары «Астана» концерт залының алаңында астана тұрғындары мен қонақтарының алдында аптасына екі рет тегін өнер көрсетіп, күз-жаз (мамыр-тамыз) айларында флешмоб өткізеді. 2017 жылы бұл жоба барлық Қазақстан үшін ерекше оқиғаға айналған «Астана Экспо-2017» көрмесіне арналып, «Ұлы дала» атауын иеленді.

Филармонияның шығармашылық ұжымдары Ресей, Белоруссия, Италия, Германия, Греция, Франция, Австрия, Швейцария, АҚШ және т.б. шетелдерге гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстанның музыкалық өнерін жан-жақты көрсетіп жүреді.

2013 жылы Астана филармониясы Қазақстан филармонияларының Шығармашылық одағын құрудың бастамашысы болды. Шығармашылық және әдістемелік міндеттерді іске асыруда өзара көмек көрсету, жұмыс жасаудың озық әдістерін енгізу мақсатында астаналық филармония, Қостанай мемлекеттік облыстық филармониясы, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Қызметіндегі игі істердің бірі «Шашу» халықаралық халық би ансамбльдерінің фестивалі, «Астана самалы» халықаралық үрлемелі оркестрлер фестивалі, «Серпер» республикалық халық аспаптар оркестрлерінің фестивалі және «Өз елім» Нұрғиса Тілендиев атындағы саз фестивалі болып табылады. Фестивальдерді құру идеясының авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филармонияның бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов.

Шығармашылық қызмет еткен жылдары ішінде филармония әртістеріне мемлекеттік деңгейде жоғары баға берілгенін растайтын 100-ге жуық атақ пен марапат бар. 2014 жылы астаналық концерттік ұйым «Академиялық» мәртебесін алды және осындай құрметті атақты иеленген Қазақстандағы бірден-бір алғашқы филармонияға айналды.

Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы елорданың концерттік музыкалық қызметінің орталығы бола отырып және музыкалық-ағартушылық игі ойларды іске асырып, жоғары мәдени міндетті орындауды жалғастырып келеді.