Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы
«НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА»     07.07.2019 – 17.00.   Амфитеатр

07.07.2019

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен, «Ұлттық домбыра күні» қарсаңында, яғни, шілде айының 7-ші жұлдызында, Есіл жағалауындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ – домбыра» атты мерекелік кеш өтетінін хабарлаймыз.    
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шілде айының алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп белгілеп, оны кең көлемде атап өтуге жол ашқаны баршамызға мәлім.  
Бұл жанға жайлы жаңалықты естіген Қазақ елінің мерейі әп-сәтте көтеріліп сала бергені ақиқат. Иә, домбыра қазақтың жаны, қаны, өнері, тарихы, бүкіл қуанышы мен жұбанышы. Киелі аспаптың қоңыр үнінде біздің бабалардың сан ғасырлық аманаты, дала әуені, елдің мұң-зары, мінезі, айбаты жатыр. Сондықтан, «Нағыз қазақ – домбыра» атты  кешіміздің мән-мағынасы, ұрпақ үшін тәрбиесі өте зор деп білеміз.    
Бұл кешке, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және Бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов, дирижер Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов), Халық ән бөлімі мен Классикалық және Эстрадалық вокал бөлімдерінің өнерпаздары Мәдениет қайраткері Секен Сыздық, Мәдениет саласының үздігі Арайлым Рахымқызы, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Данияр Мұқан, Жазгүл Данылбаева,
Перизат Тұрарова, Айнұр Қонысбаева, Жақсыгелді Маясаров, Диана Май, Шахризада Тыныштық, биші Көркем Шолошова және т.б өнер шеберлері қатысады. Кешке келген көрермен домбыра тақырыбына арналған құдіретті күйлер мен әуезді әндерге құлақ құрышын қандырмақ.                                                                                                       
Ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – домбыра» - деп бекер айтпаса керек-ті. Ендеше, осы бір ұлы сөзді атау қылып, ұрандатқан мерекелік концертіне қалың Қазақ жұртын шақырамыз!        
Жоба авторы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдірахманов Сәкен Сейтқалиұлы  

  
   

 

Кенесары, 32

Басқа афиши

21.09.2019
Кенесары, 32

19.09.2019
Кенесары, 32