×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Домбыра тек қана киелі аспап емес, ол ұлтымыздың ұлы шежіресі – Ерлан Дакенов

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Домбыра тек қана киелі аспап емес, ол ұлтымыздың ұлы шежіресі – Ерлан Дакенов

Домбыра қазақтың жаны, қаны, тегі, өткені мен бүгінгісі, кешегісі мен келешегі. Домбыра тек қана киелі аспап емес, ол ұлтымыздың ұлы шежіресі. Себебі, домбыра қай кезде де қамкөңіл қазаққа жұбаныш, думанды күндерде қуаныш бола білді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры  Ерлан  Дакенов айтты. Оның сөзінше біздің ұлы тұлғаларымыз домбыраның қоңыр үні арқылы көңілінің қылын шертіп, жүрегінің мұңын ақтарған. Олардың туындыларын терең зерттей алсақ, талай-талай тоңалған тарихымызбен, жоғалған жылдардың шындығын ашылмақ. «Қазіргі таңда ғалымдардың күй, домбыра төңірегінде жазған еңбектері арқылы біз көне өнердің қыр-сырын танып, біліп келеміз. Мәселен, Ақселеу Сейдімбек ағаның «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері» сияқты еңбектерін әрбір қазақ баласы оқуға, оқығанда жай емес, мейлінше мазмұнына терең бойлауға тиісті деп есептеймін. Осы сынды еңбектерді мектеп қабырғасынан оқушының санасына сіңірген абзал. Өйткені, ұлттық өнерін ұлықтаған ұрпақтың болашағы қашанда жарқын болмақ. Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Кішкентай», Тәтімбеттің «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Бес төре», «Көкейкесті» сынды күйлерін естіген қазақтың өне-бойы шымыр ете қалары ақиқат! Бұл қазақ пен домбыра егіз деген ұғымды білдірсе керек-ті. Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» – деген қанатты сөзі, тұтастай өлеңі әрбір қазақтың ұранына айналу керек деп ойлаймын», – деді Ерлан  Дакенов.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде домбыра үйрену пәнін енгізу бастамасын қолдайтынын айтып, оқулық әзірлеуді тапсырған болатын. Енді мектептерде «Домбыра» пәні енгізілмек. «Осыған ел болып, қолдау көрсету керек. Оқушыларға ғалым, домбырашы, күйші, композиторлар дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Білім, ғылым, техниканың дамыған заманында шалғайдағы мекендерге онлайн дәріс өткізуге болады. Бүгінгі, елдегі жағдай осыған көзімізді толықтай жеткізді. Сонда оқушыларға, жалынды жастарымызға қол жетпестей боп көрінетін тұлғалармен тілдесу мүмкіндігі туар еді. Сосын аға буын мен жас буын арасындағы байланысты, дәстүр сабақтастығын үзбеуіміз керек. Тұлға тәлімін таныған ұрпақтың болашағы айқын болары хақ», -деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры. Сондай-ақ, ол біз ұлттық домбыраны ұлықтай отырып, қазіргі заманның Құрманғазысын, Тәтімбетін, Сүгірін, Динасын, Төлегенін, Нұрғисаларын шығаруымыз керектігін айтты. «Дара шапқан дарабоздардың есімін әспеттеп, қоңыр үнді домбырамызды әлемдік брендке айналдырсақ, ұтарымыз көп болмақ деп пайымдаймын. Төл өнерсіз, ұлттық рухани құндылықсыз ел болмайды. Біздің барлық қуаныш, қайғымыз, бүтіндей болмысымыз осы домбыраның киелі үнінде жатыр. Домбыра даламыздың үні, бабамыздың сыры! Оны дәріптеу, насихаттау сіз бен біздің, жүрегі қазақ деп соққан азаматтардың ортақ парызы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлттық домбыра күнін» белгілеуі, Рухани жаңғырудың жарқын үлгісі болды. Шындығында біз домбыраны үйрену, оның тарихын, табиғатын зерттеп, зерделеу арқылы, ұлтымыздың ұлы өнерін ұлықтаймыз! Ұлттық өнері ұлық елдің қашанда мерейі үстем болмақ!», – деді  Ерлан  Ерғазыұлы. Естеріңізге салайық, шілденің  бірінші жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні. 2018 жылы алғаш рет  Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аталып өтілді.