×
Басты бет Афишалар
Тарихы Басшылық Серіктестер Байланысу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
Ұжымдар Жетекшілер Дирижерлер Әртістер
Жаңалықтар Галерея
×
Іздеу нәтижесі
Басты бет / Жаңалықтар / Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл: Елордалық филармония онлайн кеш өткізді

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл: Елордалық филармония онлайн кеш өткізді

ҚазАқпарат – Ақын Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрінің ықшамдалған шағын құрамы онлайн әдеби-музыка кешін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Көрермендер бұл жолы тікелей эфирден, «Мен – қазақпын» поэмасының авторы, жауынгер ақын Жұбан Молдағалиевтың шығармашылық мұраларын тыңдап, жарқын лебіздерімен бөлісті. «Биыл ақынның дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты онлайн әдеби-музыка кешін өткізіп, ақынның рухына тағзым етуді парыз санап отырмыз. Қиын заманда жасқанбай, «Мен – қазақпын» деп қасқайып, елінің рухын көтерген ақынның есімі халық жадынан ешқашан өшпейді», - дейді филармония ұжымы.


Елорда филармониясы ұлы тұлғаларды ұлықтап, атаулы мерекелерді дәріптейтін онлайн кештерді өткізуді жалғастыратын болады. Жұбан Молдағалиев (1920-1988) - ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы 1920 жылы Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан обл.) Тайпақ ауданы, Жыланды деген жерде дүниеге келді. Жетіжылдық мектепте, Орал ауыл шаруашылығы техникумында, әскери-саяси курстарда білім алды. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болып, соғысқа қатысты. Тұңғыш өлеңдер жинағы Жеңіс жырлары атымен жарық көрді. Соғыстан кейін баспасөзде, Қазақстан Жазушылар Одағында басшылық қызмет атқарды. КСРО Министрлер Кеңесінің Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болды. Алғаш 1939 жылы газет бетіне басылған өлеңінен бергі жылдар ішінде алпыстан астам кітабы жарық көрді. «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел», «Мен – қазақпын» поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монгол тілдеріне аударылған. 1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады. Ақын қазақ халқының тарихы туралы «Мен – қазақпын» атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестеледі. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhuban-moldagalievtyn-tuganyna-100-zhyl-elordalyk-filarmoniya-onlayn-kesh-otkizdi_a3707398